Жаңалықтар

…Біздің елге ену қаупі жоғары!

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәжіліс залында дөңгелек үстел өтті.

Биыл доңыз (H1N1) тұмауының А түрі шығып, әлемді тағы бір шошытты. Осы ауруға арналған әңгімені әуелі облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Жәнібек Нармұхамедов бастады.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі Мейрамбек Құрманғазин H1N1 тұмауының А түрі бойынша шолу жасап, диагностика мен алдын алу шараларына тоқталды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, аурудың бұл  түрі 136 елде 94 500 адамда кездесті. Оның бірнеше мыңы қайтыс болған. Ресейде де 4 оқиға тіркеліпті. Әлемде жағдай ушығып тұр. Бұл ауру түрінің елімізге ену қаупі жоғары. Бірақ біздің ел де қол қусырып отырған жоқ, шекаралық байланыстарда, әуежайларда жолаушыларды арнайы тексереді. Қалыпты температурадан жоғары болған жолаушылар оқшауланады. Дегенмен әлі бұл ауруға қарсы вакцина табылмай отыр. Бірақ облыс көлемінде ауруға қарсы профилактикалық ем жүргізуге мүмкіндік бар, – дейді Мейрамбек Құрманғазин.

Дөңгелек үстелге облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің эпидемиолог мамандары, емдеу-сауықтыру ұйымдарының бас дәрігерлерінің орынбасарлары, бөлім меңгерушілері, учаскелік дәрігерлер, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының өкілдері қатысты. Үстел басына жиналғандар тұмаудың бұл түрінің алдын алуда дәрігерлердің білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру, тұмаудың алдын алуда санитарлық-ағарту жұмыстарын күшейту туралы пікірлесті.

ҚР Премьер-Министрінің елімізде «А» (H1N1) тұмаудың пайда болуына және таралуына жол бермеу жөніндегі осы жылғы 15 мамырдағы №70-ө өкімімен бекітілген бұйрығын орындау мақсатында 2009-2010 жылдарға арналған аймақтық жоспарға сәйкес атқарылып жатқан іс-шараның бірі – осы.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button